Авто

Қонаев пен Талдықорған арасындағы жолға Интернет қосылды

автожол интернет 4G
фото: shutterstock

Енді Қонаев пен Талдықорған қалалары арасындағы жолда Интернет қолдануға болады. Бірақ оның қызығын әзірге Beeline абоненттері көреді. Бір күн бұрын «КаР-Тел» (Beeline бренді) мен Huawei Technologies Kazakhstan LLP компаниялары автожолда 4G станция базасын іске қосты.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, станция күн панельдерін пайдаланады. Huawei ел аумағында алғаш рет энергия үнемдейтін база салды.

«Жоба мақсаты – облыстың маңызды көлік бағыттарының бірінде мобильді байланыстың сапасын арттырып, жылдамдығы жоғары интернетке қосу», – деп таратты өңір әкімдігі.

Жаңа телекоммуникациялық нысан Beeline абоненттеріне бүкіл бағыт бойында жылдам мобильді интернетті пайдалануға мүмкіндік береді.

«Жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, жолаушылардың жайлылығын арттыру, сонымен бірге транзит пен логистиканы дамыту үшін аса маңызды», – деп есептейді облыс әкімдігі.

Бұған қоса, өңір басшылығы автомобиль жолдарын сапалы байланыспен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.

Осының алдында Kursiv.Media Алматы қаласында Саин көшесін ұзарту алты жылдан бері неге бітпей жатқаны туралы жазған.