Жаңалықтар

«Отандас ғалымдар форумы»: Астанада 12 елден келген қазақстандық зерттеуші бас қосты

фото: Ералхан Серикбаев

2025 жылдың 21 қарашасында Астана қаласындағы Назарбаев Университетінде ҚР Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен «Отандас ғалымдар форумы» өтті. Ауқымды шараға әлемнің 12 елінен 40-тан астам шетелдегі қазақ ғалымы, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарынан 100-ге жуық сарапшы қатысты.

Бұл – «Отандастар қоры» жүзеге асырған төртінші халықаралық бастама. Бұған дейін 2019 және 2023 жылдардағы форумдар мен 2024 жылғы «Кәсіпкерлер форумы» әлемнің әр түкпіріндегі қазақ диаспорасымен тұрақты байланыс орнатуға негіз болған еді. Ал биылғы форумның ерекшелігі – шетелде ғылым, технология және инновация салаларында еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдарды алғаш рет кең көлемде бір алаңға біріктіруі.

Форумның мақсаты

Форумның басты мақсаты – шетелдегі отандас ғалымдардың білімін, тәжірибесін және инновациялық әлеуетін Қазақстанның ғылым мен технологиялық дамуына тарту.

Сонымен бірге:

  • интеллектуалды диаспорамен жүйелі байланыс орнату;
  • халықаралық ғылыми серіктестіктер қалыптастыру;
  • жас ғалымдарды жаһандық академиялық экожүйеге қосу;
  • ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту;
  • Қазақстанды халықаралық ғылыми хаб ретінде таныту міндеттері қойылды.

Форумның ашылу рәсімінде ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров және Назарбаев Университетінің президенті Ахмад Вакар сөз сөйледі.

Ғылыми сессиялар мен таныстырылымдар

Форум аясында 2025 жылы жарық көрген «Ұлы дала» кітап сериясының таныстырылымы өтті. Жоба қазақ және түркі авторларын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.

Пленарлық секцияларда АҚШ, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және өзге елдерден келген ғалымдар өз зерттеулерімен бөлісті. Талқылаулар мына бағыттарды қамтыды:

– жасанды интеллект пен кванттық технологиялар;
– ядролық энергетика;
– биотехнология және медицинадағы инновациялар;
– жасыл энергетика;
– агроинновациялар және жайылым шаруашылығы;
– когнитивті ғылымдар;
– биометрия және фотоқартаюға қарсы технологиялар;
– ауыл шаруашылығындағы IoT шешімдері;
– балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық білім беру экожүйесі.

Жас ғалымдар мен жаңа бастамалар

Форум барысында Қазақстанда оқитын қандас студенттерге арналған «OQ Startup» және «Үздік қандас студент» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.

Қуаныш Ерғалиев «Жүз ғалым» жобасы мен әлемдегі қазақ ғалымдарын біріктіретін Qazaq International Science and Technology Association (QIST) ұйымын таныстырды. Бұл құрылым Қазақстанның халықаралық ғылыми коллаборацияға қосылуын жаңа деңгейге шығаруы мүмкін.

Форум соңында «Отандастар қоры» президенті Данияр Қадыров ұсыныстарды қорытындылап, форум материалдары жинақ болып жарияланатынын хабарлады.