
Астанадағы құрылыс нысандарының бірінде үш жұмысшы шамамен 15 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Оқиғаға байланысты полиция департаменті құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ресми мәліметке сәйкес, жұмысшылар тұрған құрылыс лифты бесінші қабат деңгейінде құлап кеткен. Зардап шеккендер дереу ауруханаға жеткізілген.
Halyqstan Telegram-арнасының хабарлауынша, жұмысшылар 18 қараша күні медициналық мекемеге түскен.
- 1981 жылы туған пациент резекциялық трепанация операциясын бастан өткерді. Дәрігерлер маңдай сүйегінің және қойнауларының көпжарылғыш сынықтарын алып тастап, қатты ми қабығына пластика жасады. Оның жағдайы ауыр күйінде қалып отыр.
- 1984 жылы туған ер адам – орташа дәрежедегі ауыр халде.
- 1997 жылы туған пациент – ауыр, бірақ тұрақты жағдайда.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада тұрғын үйде лифт құлап, бір адам көз жұмды.