
«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполов ұсталды. Бұл туралы KazTAG хабарлады.
Дереккөздің айтуынша, Есполов екі күн бұрын Астанада Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері мен ҰҚК бірлескен операциясы барысында қолға түскен.
«Айдос Есполов Астанада екі күн бұрын „антикор“ тарапынан ҰҚК-мен бірге ұсталды», – деді ақпарат көзі.
Айдос Есполов – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші жары Әсел Құрманбаеваның туған ағасы.
Еуразиялық технологиялық университеттің және «Alatau Asset Management Company» ЖШС-нің құрылтайшыларының бірі ретінде де белгілі.
«EXPO ісі»: парламентте айтылған айыптаулар
Есполовтың есімі бұған дейін де дау-дамайлар аясында аталған болатын.
2025 жылдың сәуір айының соңында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясындағы қаржы жымқыру фактілеріне қатысты мәселелерді көтерді.
Бұрынғы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Омаровтың мәліметіне сүйене отырып, Есполовтың ұлттық компаниядағы лауазымы кезінде пара алғаны туралы ақпаратты жариялаған. Алайда тергеу материалдарында тек «белгісіз тұлға» ретінде көрсетілген.
Парламентте айтылған деректер бойынша, Есполовты қылмыстық істің фигуранттары қатарынан шығаруына сол кездегі жоғары лауазымды тұлғалар – бұрынғы премьер-министр Карим Мәсімов пен сол кездегі Антикор қызметінің басшысы Қайрат Қожамжаров ықпал еткен.
Қазіргі кезде:
- Кәрім Мәсімов – Қаңтар оқиғалары бойынша сотталып, жазасын өтеп жатыр;
- Қайрат Қожамжаров – қылмыстық қудалау нысанында, бірақ әзірге ел билігінің қолы жетпей отыр.
Ресми түсініктеме қашан болады?
Құқық қорғау органдары әзірге Есполовтың ұсталуына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Kursiv редакциясы ресми сауал жіберіп қойды.