Жаңалықтар

ЛГБТ-ны қолдайтын елдерде туу көрсеткіші өте төмен – депутат

Депутат ЛГБТ-ның артында Батыс елдері тұр деп санайды/фото: unsplash.com

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейтін нормалар қоғамды қандай қатерден «қорғайтынын» айтты.

«ЛГБТ өкілдеріне, олардың осы қоғамда өмір сүруіне Қазақстан заңы тыйым салмайды. Ешкімді түрмеге жаппайды, ешкімге айыппұл салмайды. Ол әркімнің жеке таңдауы. Егер ЛГБТ өкілі насихат жүргізіп, әртүрлі семинар, курс және акция, митингі, пикет өткізіп немесе әлеуметтік желіде ЛГБТ-ны насихаттайтын болса және қатарына шақырса, бұған заңмен тыйым салынады», – дейді депутат.

Депутатқа «бұл нормалар ақпарат еркіндігі, сөз бостандығына қысым ретінде қабылданбай ма?» деген сұрақ қойылды.

«ЛГБТ өкілдері солай манипуляция жасайды. Оның артында үлкен қаржы топтары мен Батыс елдері тұр. Ол біздің рухани құндылығымызды, рухани фундаментімізді бұзу үшін істелген іс-әрекет. Насихаттың бәрі жастарға, балаларға, жасөспірімдерге бағытталған. Олардың психологиясы қалыптаспаған, оң-солын білмейді», – дейді Еділ Жаңбыршин.

Депутат мұның артында демографиялық, экономикалық мәселе жатқанын айтады.

«Осы қоғамды заңдастырған, соны мәдениетке айналдырған елдерде туу көрсеткіші өте төмен. Өсім тұрақты болуы үшін әр үйде 1-2 бала дүниеге келуі керек. Демографиялық өсім болу үшін кемінде 3 бала қажет. Біржынысты отбасы тарап кетсе, бізде үлкен проблема болады», – дейді ол.

Айта кетейік, депутаттар ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы нормаларды бала құқығын қорғау, мәдениет саласы, кинематография, онлайн платформа және онлайн жарнамалау, масс медиа сияқты сияқты заңдарға енгізгелі жатыр. Сол арқылы түрлі-түсті ойыншыққа да тыйым салынады.