Жаңалықтар

Әнші Мұқасан Шахзадаевқа қылмыстық іс қозғалды

Әнші әріптесін ұрып-соқты деген күдікке ілінді/фото: aridai music

Әнші Мұқасан Шахзадаевқа қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қаласы полициясы хабарлады.

Бұған дейін «Нұр-Мұқасан» тобының жаңа қатысушысы Ғалымжан Сүлеймен әлеуметтік желіде әнші Мұқасан Шахзадаевтан таяқ жегенін жазды.

Полицияның хабарлауынша, 22 қарашада Ғалымжан Сүлеймен құқық қорғау органына жүгінген. Бірнеше адамның өзін соққыға жыққанын айтқан.

«Осы факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Заңгер Инга Иманбайдың сөзінше, Ғалымжан Сүлейменнің қолы мен мұрны сынған, беті ісіп-көгерген. Енді мұрнына күрделі ота жасалады.

«Ғалымжан түсіріп жатқан фильмнің жұмысы тоқтап тұр. Бет-әлпеті қатты жарақаттанған адам камера алдына шығуға жарамайды. Ең сорақысы – мәдениет саласының өкілдері өз әріптесін жабылып ұрып, есінен тандырып жібергені. Бұл – өнер адамына ғана емес, жалпы қоғамға жасалған жабайылық, адамшылықтан безген әрекет», – деп жазды Иманбай.