
Әлем халқының шамамен жартысы – 3,4 млрд адам әлі де дәретханасыз өмір сүріп келеді. Тіпті, қол жуатын сабыны да жоқ.
БҰҰ мәліметінше, соңғы он жылда 1,2 миллиард адам ғана қауіпсіз санитариялық жағдайға қол жеткізген.
Көп адам үшін күнделікті өмірдің ажырамас бір бөлігі болып көрінетін бұл қажеттілікке адамзаттың жартысына жуығы әлі де қол жеткізбеген.
Ұйымның мәліметінше, 354 миллион адам әлі күнге дейін ашық жерде дәрет алуға мәжбүр. Яғни, қажеттілігін далада, бұта арасында немесе орманда өтейді. Бұдан кейін қолын сабынмен жуу мүмкіндігі жоқ екен. Ашық дәрет сындыру негізінен Орталық, Оңтүстік және Шығыс Азияның, сондай-ақ Тропикалық Африканың ауыл тұрғындары арасында кең тараған.
Бұл құбылыс түрлі ауруларға себеп болады. Қауіпсіз су, санитария және гигиена болмауының кесірінен әлемде тәулігіне 5 жасқа дейінгі 1000 бала көз жұмады.
Ашық дәрет сындыру әсіресе әйелдер мен қыздар үшін қауіпті. Қауіпсіз емес, ашық жерде жалаңаштануға мәжбүр болады. Оларды зорлық-зомбылыққа ұшырататын жағдайға әкеледі.
Сондай-ақ, БҰҰ дәретханалар мен кәріз жүйесінің болмауы қоршаған ортаның ластануына және жаһандық жылынудың күшеюіне әсер ететінін еске салды.
«Адам қалдықтарының өңделмей, табиғатқа таралуы экожүйелерді ластап, парниктік газдардың бөлінуіне ықпал етеді», – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Дүниежүзілік дәретхана күніне арналған үндеуінде.
Ол болашақ талаптарына сай келетін санитариялық жағдайды қамтамасыз етуге шақырды.
«Баршаға қауіпсіз санитариялық жағдай жасайық», – деді Бас хатшы.
Мұның алдында БҰҰ 2025 жылды климаттық апаттар мен рекордтар жылы деп жариялаған еді.