
Оксфорд университетінің биология бойынша доценті Крис Торогуд пен оның тобы Батыс Суматраның қалың джунглиінде күн-түн демей зерттеу жүргізіп, табиғаттағы ең сирек өсімдіктердің бірі раффлезияны іздеді. Бұл паразиттік өсімдіктер Индонезияның осы аймағында ғана өседі және небәрі бірнеше күн гүлдейді.
Ғалымдар тоғыз ай бойы өсіп жетілген гүлдің ашылған сәтін түсіріп үлгерді. Түсірілім кезінде жергілікті гид әрі табиғатты қорғаушы Септиан Андрики толқығаннан жылап жіберді.
Раффлезиялар – алып гүлдерімен танымал өсімдік. Ең белгілі түрлерінің бірі – раффлезия Арнольда. Оның гүлінің диаметрі бір метрге дейін жетіп, салмағы 11 килограмға дейін барады.
Бұл экспедицияда Торогуд ерекше сирек түр раффлезия Хасселтиді тапты. Индонезияда «Cendawan Muca Rimau» («жолбарыс бет бейнелі саңырауқұлақ») деп аталатын бұл өсімдік Батыс Суматраның шалғай тропикалық ормандарында ғана өседі. Бұл аймаққа бару үшін арнайы рұқсат қажет. Ғалымдар бұл гүлді адамдардан гөрі осы жерде мекендейтін жолбарыстардың жиі көретінін айтады.
Торогуд, Андрики және жергілікті гид Иван Исванди джунглиге ғылыми зерттеу және табиғатты қорғау миссиясымен барған.
«Гүлдің жанында отыру өзге планетаның тіршілігімен жүздескендей ерекше әсер қалдырды. Бүршіктің дамуына тоғыз ай кетеді, ал гүл бірнеше күн ғана өмір сүреді. Сондай-ақ біздің көз алдымызда ашылды. Әдейі біз үшін ашылғандай әсер қалдырды», – деді британдық биолог.
Статистикаға сәйкес, раффлезиялардың 60%-ы жойылып кету қаупінде, ал олардың 67% табиғи мекені қорғалмаған аймақтарда орналасқан. Септиан Андрики бұл сирек өсімдікті іздеуге соңғы 13 жылын арнаған.