Жаңалықтар

Әйгілі блогер Айка бостандыққа шықты

Vip-Айка, Айка love
фото: коллаж Kursiv Media

Абай облысы Жарма аудандық соты Айка блогердің жазалау мерзімін кейінге қалдырды. Ол бостандыққа шығып, пробация бақылауында үйде тұрады. Екі жылдан кейін жазаның қалғанын өтеу үшін колонияға қайтуы керек.

Әйгілі Айка деген кім?

2024 жылғы 21 мамырда Алматыдағы Әуезов аудандық соты блогерді айыпты деп таныды. Ол психотроптық заттарды ірі көлемде сақтап, тасымалдағаны және жеңгетайлықпен айналысқаны үшін орташа қауіпсіздік колониясында 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Мүлкі де тәркіленді.

Айка заң бойынша жазасының бір бөлігін өтеді. Кейін жазаны жеңілдетуді сұрады, бірақ 2025 жылғы 31 шілдеде Жарма аудандық соты оның өтінішін қанағаттандырмады.

Жағдай Қылмыстық кодекстің 74-бабы жаңартылғаннан кейін өзгерді. Енді кішкентай балалары бар әйелдерге, егер олардың қылмысы ерекше ауыр санатқа кірмесе, жазаны өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік берілген. Осы өзгеріске сүйеніп, Айканың адвокаты қайтадан өтініш түсірді. Сотта адвокат, №23 колония өкілі және прокурор бұл өтінішті қолдады.

Неге уақытынан ерте шықты?

Айканың 2020 жылы туған баласы бар. Ол колонияда тәртіпті, жеңілдетілген жағдайда отыр. Өтемақылар бойынша қарызы жоқ. Оның қылмыстары ҚК-нің 74-бабы бойынша қойылған шектеулер тізіміне кірмейді.

Сот бала мүддесін және істің ауырлығын ескерді.

«Жазаның өтелмеген бөлігін екі жылға шегеру», – деп судьяның сөзін Tengrinews.kz келтіреді.

Айка енді тұрғылықты мекенжайы бойынша бақылауда болады.

2023 жылдың маусымында Ішкі істер министрлігі Алматыда тек ауқатты ер азаматтарға арналған «жабық» интимдік клуб ретінде жұмыс істеген әлеуметтік желіні әшкереледі. 25 жастағы Айка Мырзахметованың ұйымдастырғаны анықталды.

Тергеу деректеріне қарағанда, ол қыздарға «демеуші тауып беремін», «бай ортаға жол ашып беремін» деп уәде берген. Жабық желіге тіркелу құны – 300 доллар. Сонымен бірге ол қыздардың көрсеткен қызметінен түскен табыстың 40 пайызын алып отырған.