
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің есімі АҚШ-тағы даулы қаржыгер Джеффри Эпштейннің жақында жарияланған хаттарында пайда болды, деп хабарлайды Kursiv.Media. Құжаттарда Рахат Әлиев АҚШ-қа қашып кету үшін көмек және шамамен 2 миллиард доллар сұрағаны белгілі болды. Ол Қазақстанда бизнесі тәркілегеннен кейін отбасы дәл осы сомманы жоғалтқанын мәлімдеген.
Мәселенің мәні
Жазбаларға сәйкес, Әлиев 2007-2008 жылдары Қазақстанда ықпалын жоғалтқаннан кейін Еуропаға қашып, жасырынған. Ол өзінің активтеріне қатысты қудалау экс-президент Назарбаевты батыс елдерінің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады деп үміттенген. Ол сондай-ақ Вашингтонда RJI Government Strategies фирмасын жалдап, 20 конгрессменнің кеңсесіне жүгініп, олардың Қазақстанға сапарлауын насихаттаған. Компания Әлиевті саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде бейнелейтін материалдар жариялаған.
АҚШ реакциясы
Алайда Барак Обама әкімшілігі жағдайға араласпауға шешім қабылдайды. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоагланд құпия хаттарында Әлиев пен қазақстандық билік АҚШ-ты өз мақсаттары үшін пайдалануға тырысып жатқанын ескертеді.
Рахат Әлиев деген кім
Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың желтоқсанында Аустрия Рахат Әлиевке екі банкирді өлтіргені үшін айып таққан. Әлиев өз кінәсін жоққа шығарып, істі ойдан шығарылған деп атады, бірақ сотқа келуге дайын екенін баса айтты.
2014 жылдың 19 мамырында Аустрия билігі Рахат Әлиевті тұтқындауға санкция берді. Екі аптадан кейін ол Венаға келіп, құқық қорғау органдары ұстады.
Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы сегіз айға жуық қамауда болды. 2015 жылдың 24 ақпанында қамауда оның денесі табылды. Тергеу оның суицид жасағанын мәлімдеді.
2015 жылдың шілдесінде Венадағы сот «Нұрбанктің» топ-менеджерлерін өлтіру туралы істің тағы екі қатысушысын қамаудан босатты. Сот Вадим Кошлякты (Әлиевтің кеңесшісі) және ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаевты Жолдас Тимралиев пен Айбар Хасеновты өлтіруге қатысқан деген дерек бойынша кінәсіз деп таныды.
Бұл ретте сот Кошлякты банкирлерді ұрлауға қатысқаны үшін кінәлі деп таныды. Ол жалпы екі жылға сотталды, оның сегіз айы түрмеде отыруы керек еді. Ол алдын-ала қамауда болған уақыты жаза есебінен есептеліп, сот залынан босап шықты.