
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында тілші сұрағына жауап берген Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Астанадағы ең арзан ет сатылып жатқан орынды атады.
Тілшілердің бірі вице-министрден фермерлердің табысы мен ішкі нарықтағы баға арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтау керек екенін сұрады.
Сауда және интеграция вице-министрі кейінгі екі аптада әлеуметтік жәрмеңкелердің нәтижесінде бағаны төмендетуге мүмкіндік туғанын айтты. Ол шетелдік сұраныстың күрт артқанын да атап өтті.
«Негізі мал басы көбейген сайын еттің көлемі де көбейеді. Оны тек ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да сату мүмкіндігіміз көбейеді деген сөз. Енді бұл жерде жіңішке жіп сияқты. Халық қымбат емес ет тұтыну керек, шаруалар пайда табу керек. Өзбекстан жақтағы халықтың жағдайы жақсарған сайын біздің етке сұраныс өсті. Ташкентке бардым. Олар етті қазақтан кем дайындамайды, сұраныс жоғары. Тәжікстан, Ауғанстан да ет сұрап отыр. Қытаймен де келіссөз жүріп жатыр. Бірақ экспорт көбейсе, ішкі баға міндетті түрде көтеріледі. Оған ештеңе істей алмаймыз», – деді Әбілдабеков.
«Ең арзан ет сатылатын базар»
Вице-министр ет қымбаттауына байланысты нарық тепе-теңдігін сақтау үшін министрлік жасап жатқан шараны айтты.
«Астана әкімдігімен бірге «Керуен жолы» базарында екі аптадан бері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізіп жатырмыз. Кәсіпкерлер «экспортқа тыйым салынғандықтан, ет өтпей жатыр» деп өздері келіп, көмек сұрады. Осы базарда етті 3000 теңгеден сатты. Жылқы етін 2500-2800 теңге аралығында сатты. Сенбі-жексенбі «Керуен жолы» базарына барсаңыз, дәл осы бағада ет табасыз», – деді вице-министр.
Вице-министрдің айтуынша, жәрмеңкенің нәтижесі айтарлықтай жақсы болған. Ол алғашқы аптада 40 тонна, ал екінші аптада 150 тонна ет сатылғанын жеткізді. Сондай-ақ алғашқы жәрмеңкеге 3 облыс, екіншісіне 5 облыс өнім әкелгенін айтты. Сөзінше, әр «Газель» көлігінде шамамен 13-15 бас мал болған.