
2026 жылдан бастап ҰҚШҰ-ның бас хатшысы қызметін Қырғызстанның өкілі Таалатбек Масадықов атқармақ. «ТАСС» агенттігі бұл жөнінде Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді, деп жазған.
Ушаковтың мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жаңа бас хатшысы қызметін Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадықов атқарады. Ол Иманғали Тасмағамбетовтің орнына келеді.
Масадықов қазір бас хатшының орынбасары қызметін атқарып жүр. Ресми рәсімдер аяқталған соң, негізгі қызметіне кіріседі. Ушаковтың айтуынша, Тасмағамбетов 27 қарашада Бішкектегі саммитте өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша баяндама жасайды. Содан кейін оған ҰҚШҰ-ның бірінші дәрежелі құрмет белгісі табысталады.
Ушаков Тасмағамбетов қызметінен 1 қаңтардан бастап кететінін нақтылап өтті. Басшылықты ауыстыру тараптармен келісіліп қойған көрінеді.
Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы қызметін 2023 жылдың қаңтарынан бері атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы қызметінен кететіні жайлы жазған едік.