
Қазақстандағы тұрғындардың басым көпшілігі ҚҚС өсіміне теріс көзқараста. Олар салық өссе, өмір сүру сапасы нашарлай түседі деп есептейді. Бұл туралы DEMOSCOPE жүргізген сауалнама қорытындысында жазылған.
Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 61,4%-ы ҚҚС өсімі өмір сүру сапасын төмендетеді деп есептейді. Оның ішінде:
- 32,4% – «айтарлықтай нашарлайды» десе,
- 29% – «нашарлайды, бірақ аса қатты емес» деп санайды.
Ал 20,6% ешқандай әсер болмайтынын айтқан. Тек 9% ғана ҚҚС өсімі өмір сапасын жақсартады деген пікірде.
Респонденттердің пікірінше, ҚҚС көтерілсе:
- тауар мен қызмет бағасы өседі – 65,5%;
- ШОБ саны қысқарады – 27,3%;
- жұмыссыздық артады – 26,5%;
- көлеңкелі экономика күшейеді – 19,6%.
Сонымен қатар азаматтардың бір бөлігі оң ықпал да болуы мүмкін екенін айтады. 18,2% аудитория бюджет кірісі артады, ал 9,4% халықтың өмір деңгейі көтеріледі деген пікірін айтқан.
ҚҚС өсімі шағын және орта бизнеске қалай әсер ететіні туралы сұраққа жауап бергендердің:
- 63,6%-і – кері әсер етеді,
- 14,8%-і – әсер етпейді,
- 10,3%-і – оң ықпал етеді деп жауап берді.
Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлер арасында 70,5% бұл өзгерістерді қабылдамайтынын айтқан.
2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жаңа жылдан бастап барлық дерлік салықтың төлеу тәртібі мен мөлшері өзгереді. Толығырақ мына жерден оқи аласыз.