
27 қараша күні Алматыда өткен медиақұрылтай барысында екі журналиске Михаил Дорофеев атындағы тәуелсіз сыйлық берілді. Биылғы лауреаттар – «Власть» басылымының Астана бюросының шеф-редакторы Тамара Вааль және «Азаттық радиосының» тілшісі Сәния Тойкен.
Михаил Дорофеев атындағы тәуелсіз премияны медиасаланың тәуелсіз өкілдері мен Қазақстан баспасөз-клубы тағайындаған. Марапат бизнес-ұйымдардың қаржыландыруымен жүзеге асады және жыл сайын медиақұрылтай аясында журналистиканың дамуына қосқан үлесі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін беріледі.
Сыйлыққа:
- жұмыс істеп жүрген журналистер,
- бас редакторлар,
- медиа жобалардың авторлары,
- оның ішінде Telegram-арна иелері де үміткер бола алады.
Лауреаттар елде танымал журналистер, редакторлар мен медиа сарапшыларынан құралған қазылар алқасының дауыс беруі арқылы анықталады.
Михаил Дорофеев – журналист, «Информбюро» басылымының бас редакторы. 2021 жылы 30 қаңтарда Алматыда, 49 жасында қайтыс болды. Еңбек жолын Атырау облыстық медиасында бастап, кейін республикалық ақпарат құралдарында еңбек етті:
- КТК телеарнасы,
- «Экспресс К», «Город», «Мегаполис» газеттерінде (бас редактордың орынбасары),
- «Телевидение г. Астана» және «Эра» телекомпанияларында басшылық қызметтер атқарды.
Әр жылдары «Портрет недели» (КТК), «Формула личности», «Тема», «Открытый диалог» секілді телебағдарламалардың жүргізушісі болды.