Жаңалықтар

Алматы облысының экономикасы 6 трлн теңгеге жетіп, алғашқы бестікке кірді

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысының экономикасы негізгі бағыттары бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді. Аймақ әкімі Марат Сұлтанғазиев жалпы өңірлік өнім көлемі үш жылда 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін өскенін мәлімдеді.

Осылайша облыс экономикасы республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілген.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстың республикадағы жалпы ішкі өнімдегі үлесі 4,4%-ға жетсе, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 4,8%-ды құрады. Ірі өнеркәсіптік облыстардан озып, шикізаттық емес экономикаға негізделген өсудің драйверіне айналдық», – деп мәлімдеді аймақ әкімі орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында.

Марат Сұлтанғазиев әсіресе өнеркәсіп саласы айрықша өсім көрсетіп, өндіріс көлемі 108,7%-ға артып, 2,1 трлн теңгені құрағанын айтады. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің 90%өңдеу секторының үлесіне тиесілі.

«Осылайша, аграрлық бағытпен ғана шектелмей, инновациялық технологиялар мен өңдеу өндірісін дамытатын жетекші өңірге айналып отырмыз. Өңірлік өнімнің үштен бірі өнеркәсіп саласына тиесілі болғандықтан, бұл сала инвестиция тартудың негізгі көзі (бүкіл инвестициялардың 29 % өнеркәсіп саласына тиесілі)» , – деді Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, араб инвесторларына тиесілі Talgar Development Ltd компаниясы Алматы облысында 180 мың адамға арналған жаңа қала тұрғызады. Talgar Eco City құрылысына жауапты компания өкілдерімен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев кездескен болатын.