
Қонаев қаласында құмар ойын бизнесі жандана түседі. Болашақта тағы екі казино салынбақшы. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазин айтты.
Аймақ басшысы Қонаевтағы казинолардан әдеттегідей 90-100 млрд теңге аралығында салық түсіп жатқанын айтады. Дегенмен биыл жаз айларында бизнесте сәл құлдырау болған.
«Былтырдан бері статистика өзгерген жоқ. Өйткені жаңа казино, букмекерлер пайда болған жоқ. Біреуі Көкшетауға көшті, орнына басқасы келді. Жаз айларында лицензиясын ұзарту керек болғандықтан істемей қалды. Сол кезде жұмыс істейтін адамның саны азайды. Сәйкесінше салық та кішкене азайды. Жалақыларын бірнеше ай төменгі деңгейде ұстап тұрды. Жалпы букмекер казино төңірегінде 7 мың адам жұмыс істейді», – деді Сұлтанғазин Астанада өткен брифинг кезінде.
Араб және қытай инвесторлары казино салады
Әкім айтқан мәліметке сенсек, қазір екі құрылыс басталған.
«Жолдың бойында «Aladin» деген казино болды, оны арабтың кәсіпкерлері алып, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оны толығымен бұзып жанынан бес жұлдызды қонақүй салады, кейін казиноны да жалғастыруды көздеп отыр»,– деп мәлімдеді әкім.
Қаладағы жағажайға жақын болатын екінші жаңа казиноны қытай инвесторлары салады. Қос инвестор шетелден қалталы туристерді тартуды өз мойындарына алған.
Екеуі де жергілікті туристерді емес, шетелден өз туристерін ұшақпен алып келеміз деп отыр. Ол біз үшін өте тиімді. Осы екі жоба қосылса, салық та жұмыскерлер саны да әлдеқайда өседі деп ойлаймыз. Әрі қарай лицензиясын алып жатса, онда жұмысын казино ретінде бастайды«,– деп түсіндірді аймақ басшысы.
Осыған дейін Сұлтанғазин қаланың артықшылығы болған ойынханалар шетелден туристерді де көптеп тартып жатқанын айтқан болатын. Өткен жылғы мәліметке сәйкес, Қонаев қаласында қазір 5 казино мен 6 ойын залы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек бірнеше букмекерлік компаниялар тіркелген. Әкім ойын бизнесінің арқасында қалада жұмыссыздық мәселесі азайғанын айтады.