
Шымкенттегі Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысы және кіші айналма жолға жолайрық салуға 9,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгені туралы ақпарат тарады. Мұны қала әкімдігі растады.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лот сипаттамасындағы ақпаратқа қарағанда, тапсырысты Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген.
«Қала аумағындағы көлік қозғалысын реттеу, жол көлігі инфрақұрылымын жақсарту және кептелістерді азайту мақсатында Бәйдібек би даңғылы мен шағын айналма жол қиылысында шынымен жолайрық салу жобасына лот жарияланған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері заңға сай жүргізілуде. Әзірге мердігер анықталған жоқ. Биылғы жылға 9.4 млрд теңгенің тек 240 млн теңгесі қарастырылған», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз мәслихатында.
Лот атауы автокөлік көпірін салу бойынша құрылыс жұмыстары деп аталған. Конкурсқа қатысуға алдын ала өтінімдер 19–24 қараша аралығында қабылданатыны жазылған.