Жаңалықтар

Сөгілген қабырға, түскелі тұрған төбе, елу жылғы пеш: Қазығұрттағы қорқынышты мектеп

Фото: Дилара Иса

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Ақбастау ауылының тұрғындары балалары оқитын жаңа мектеп салып беруді талап етіп отыр. Айтуларынша, қазіргі мектептің сиқы сын көтермейді. Тозығы жеткен, іргетасы шөккен, қабырғалары жарылған. Жауын жауса, шатырынан су өтеді. Едені шіріп жатыр. Мектепті жылыту үшін пешке от жағады. Ауыл тұрғындары балаларының қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

«Төбесі түсіп кете ме деп уайымдаймыз»

Ауыл мектебінің 3 ғимараты бар, онда 167 бала білім алады. Мектеп ғимараттары жолдың екі жағында орналасқан. Үш ғимараттың бірі – ескі, 1960 жылы салынған, ресми түрде апатты деп танылған. Қалған екеуі – тар, оқушылар сыймайды.

Фото: Дилара Иса

Ауыл тұрғыны Жұмабек Төребековтің сөзінше, балалар дене шынықтыру сабағын суық, едені шіріген, есік-терезесінен жел уілдейтін акт залында өтеді. Төбесі опырылған. Жауын-шашын кезінде су өтеді. Шатыр тесік, ар жағынан жарық түсіп тұр.

Фото: Дилара Иса

Ал апатты деп танылған мектеп ғимаратына кірудің өзі қауіпті. Қабырғалары сөгіліп тұр. Мектеп әкімшілігі онда тек кітапхана орналасқан, балалар ішке кірмейді деп сендіреді. Сыртқы қабырғалары үгітіліп жатыр. Іргетасы шөгіп кеткен.

Фото: Дилара Иса

«Осы жерде менің 3 балам оқиды. Оларды мектепке жіберуге қорқамын. Мұнда бала оқытуға бола ма? Төбесі түсіп кете ме деп уайымдаймыз», – дейді ауыл тұрғыны Жақсылық Орынбайұлы.

«Мектеп ішінде әжетхана жоқ»

Фото: Дилара Иса

Мектеп әкімшілігі тар мектепке оқушыларды сыйдыру үшін бір партаға үш баланы отырғызуға мәжбүр. Тұрғындар балаларын бұл мектепке оқытуға қорыққан ата-аналар аудан орталығына тасып жүргенін айтады.

«Баланы мектепке жіберуге қорқамыз. Төбесі опырылып түсейін деп тұр. Көріп тұрсыздар ма, қирап тұр. Анау – асхана. Балалар тамақ ішетін жер. Қазіргі күнге дейін мектепті пешке от жағып жылытады. Мектеп ішінде әжетхана жоқ, сыртқа шығады», – дейді ауыл тұрғыны Зухра Демеуова.

Фото: Дилара Иса

Тұрғындар ауылға заман талабына сай мектеп салып беруді сұрайды. Олар 12 жылдан бері бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады деп отыр.

Жаңа мектеп салынады

Қазығұрт аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарып жүрген Гүлнұр Әбілқасованың айтуынша, Ақбастау мектебінің бірінші ғимараты 1968 жылы салынған. Жалпы 3 ғимараттан тұрады. Қазіргі негізгі ғимараты 2000 жылы пайдалануға берілген.

«2018 жылы жобалық-сметалық құжаттың мерзімі өтуіне байланысты жаңасы жасалды. Былтыр облыс бюджетінен 7 млн теңге қаралды. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 150 орындық жаңа мектептің жалпы құны 1,2 млрд теңге. Мектепті салу 2027 жылға жоспарлануда. Ол үшін 2 гектар бос орын берілген», – дейді Гүлнұр Әбілқасова.

Бұған дейін Шымкенттегі 8 жыл бұрын салынып, «апаттық жағдайда» тұрған №125 мектептің спорт залына кезекті тексеріс тағайындалғанын жазған болатынбыз. Мектеп 2017 жылы пайдалануға берілген. Төрт жылдан кейін спорт залда сабақ өткізу мүмкін болмай қалған.