
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік шахмат аренасында топ жарған жас спортшыларды қабылдады. Кездесуге әлем біріншіліктерінде жүлде иеленген бірнеше жас қазақстандық дарындар қатысты.
Қабылдауда 8 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы атанған Әдинұр Әділбек пен Алиша Бисалиева, 12 жасқа дейінгі санатта топ жарған Данис Қуандықұлы, 14 жасқа дейінгі құрамда жеңіске жеткен Марк Смирнов, сондай-ақ 16 жасқа дейінгі әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Эдгар Мамедов және осы санатта күміс жүлдегер атанған Сауат Нұрғалиев болды.
Кездесу барысында Президент жас шахматшылардың жетістіктерін жоғары бағалап, олардың халықаралық деңгейдегі жеңістері Қазақстанның беделін арттыратынын атап өтті. Елдегі шахматтың дамуына зор мүмкіндік бар екенін айтып, чемпиондарға алдағы уақытта да биік мақсаттарға ұмтылуды тіледі.
Шахмат – үлкен өнер. Онымен күнделікті айналысу, теориялық кітаптарды оқу маңызды. Бүгін сіздер Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичпен кездесіп отырсыздар. Бұл – сіздер үшін айрықша сәт, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы шахмат тақтасына естелік жазба қалдырды.