
Алматы облысында дропперлік жасады деп 232-1-бап бойынша алғаш рет сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл жайлы облыстық прокуратурадан хабарлады.
Еңбекшіқазақ ауданы тұрғыны алаяқтар ұрлаған қаражатты аударуға делдал болған. Әйел OLX сайтындағы «онлайн-төлемдер операторы» туралы жалған хабарландыруға алданып, өз банк картасын қылмыскерлерге пайдалануға берген.
Қыркүйектен бастап оның шотына 2 мон теңгеден астам қаражат түскен. Оның 5%-ын әйел «комиссия» ретінде өзіне қалдырып, қалған қаражатты алаяқтардың есепшоттарына аударған.
Қазір Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасы осы іске қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Еске салайық, 2025 жылғы қыркүйектен бастап дропперлік қылмыс саналады. Өзінің есепшоты мен банк картасын бөтен адамға берген адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.
Заң бұзғандар 160 АЕК (629 120 теңге) айыппұл салынып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.