Экономика

ЕуроОдақ Ақтау порты айлағын жаңғыртуға 10 млн еуро грант бөледі

Ақтау портының айлағы жаңартылады /Фото:portaktau.kz

ЕуроОдақ Ақтау портының айлағын жаңартуға 10 млн еуро бөледі. Сонымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) 35 млн еуро мөлшерінде несие бермек.

«Қазақстан темір жолының» хабарлауынша, бұл келісімдерге Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және өңірлік байланыстарды нығайтуға арналған Ташкент Инвесторлар форумы аясында қол қойылған.

«Бұл келісім Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) €35 млн мөлшеріндегі кредитінен және ЕО-ның €10 млн көлеміндегі қайтарымсыз грантынан тұратын қаржылық пакеттің қалыптасуын түйіндеді», – делінген хабарламада.

Қаражат Ақтау портының инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталады.

ЕО мен ЕҚДБ-ның бірлескен зерттеулері Ақтау портын Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі буындарының бірі ретінде айқындаған. Осыған сәйкес бөлінетін қаржы екі айлақты реконструкциялау және ұзарту жұмыстарына, сондай-ақ ауа райына төзімді заманауи айлақ крандарын сатып алуға жұмсалады. Бұл жаңғырту контейнерлік жүктерді ауыстырып тиеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтпек.

Жобаны іске асыру нәтижесінде порттың өткізу қабілеті 0,5 млн тонна қосымша жүк өңдеуге дейін өседі. Сонымен қатар, Ақтау порты бір мезгілде толық жүктелген төрт кемеге қызмет көрсете алатын деңгейге жетеді.

Бұған дейін ЕО Транскаспий дәлізін дамытуға 10 млрд еуро көлемінде қаражат резервтегенін хабарлаған болатын.