
Қазақстан президенті «Қос халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Палестина Жоғары судьясы Махмұд әл-Хаббашты қабылдаған уақытта осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бері Қазақстан мен Палестина арасындағы ынтымақтастық достық, өзара қолдау және құрмет сипатында дамып келе жатқанына назар аударды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Палестинаны халықаралық қауымдастықтың толық мүшесі ретінде тануға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді.
Бұл ретте Тоқаев Астананың Таяу Шығыстағы ахуалды дипломатиялық жолмен реттеу, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес «Қос халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайтынын мәлімдеді.
Махмұд әл-Хаббаш мемлекет басшысына Палестина президенті Махмұд Аббас жолдаған хатты табыстады. Сонымен бірге Қазақстанның Палестина халқына және оның бейбіт әрі жарқын келешекке ұмтылысына ұдайы қолдау көрсеткені үшін ризашылығын жеткізді.
Оның пікірінше, Қазақстан Палестина үшін бауырлас мемлекет саналады. Бұл екіжақты байланыстардан, көпжақты форматтағы, ең алдымен, БҰҰ мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы қатынастардан көрінеді.
Кездесу соңында Тоқаев Палестина президентіне ізгі сәлемін жолдап, Аббасты алдағы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.