
Қазақстан алдағы 5 жылда бөлшек саудадағы электронды сауда үлесін 20%-ға жеткізбек. Бұл туралы Үкіметтің 2030 жылға дейін қабылдаған сауда саясаты туралы тұжырымдамасында жазылған.
Соңғы төрт жылда нарық көлемі 476,7 млрд теңгеден 3,2 трлн теңгеге дейін өсіп, бөлшек саудадағы үлесі 14,1 %-ға жетті. Мемлекеттік жоспарға сәйкес, бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 20%-ға дейін артуға тиіс. Мұндай серпінді өсім халықтың жоғары интернет қамтылуы мен қаржылық технологиялардың дамуына сүйеніп отыр.
Нарық динамикасы және тұтынушы мінез-құлқы қандай
Цифрлық сервистерді белсенді пайдаланатын 15-45 жас аралығындағы 8,2 млн адам электронды сауданың негізгі аудиториясын құрайды. Халықтың 92,3%-ның интернет пайдаланатыны және 90,2%-ның компьютерлік сауаты онлайн сатып алу мәдениетінің кеңеюіне жағдай жасап, нарықтың табиғи өсуін жеделдетіп келеді.
Kaspi.kz, Halyk Market, Forte Market, Jusan Market және толық циклды қызмет көрсететін Teez сияқты платформалар нарықтағы негізгі қозғалтқыш күшке айналған. Сондай-ақ трансшекаралық маркетплейстердің ықпалы да күшейіп отыр.
Десе де саланың даму қарқынына қарамастан:
- жеткізу шығындарының жоғары болуы;
- отандық және шетелдік платформалар арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы;
- халықаралық маркетплейстердің ықпалының артуы;
- құқықтық реттеудегі бірқатар олқылықтары сияқты бірқатар маңызды түйткілдер бар.
Бұл факторлар жергілікті ойыншылардың позициясын әлсіретуі мүмкін.
Электронды сауда туралы жеке заң қабылданбақ
Сонымен қатар электрондық сауда туралы жеке заң әзірленіп жатыр. Ол нарыққа бірыңғай қағидалар енгізіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, онлайн сатушыларды сәйкестендіру арқылы көлеңкелі айналымды азайтуды көздейді.
Мемлекет одан бөлек Қазақстан Орталық Азиядағы ірі электрондық коммерция орталығына айналуды жоспарлап отыр. Мультимодальды қойма кешендері, кедендік рәсімдерді жеңілдету және трансшекаралық сауда келісімдері осы мақсатқа қызмет етеді. Инновациялық цифрлық шешімдер мен жаңа логистикалық мүмкіндіктер Қазақстанды халықаралық e-commerce кеңістігінде тартымды ойыншыға айналдырады
Елдегі сауда айналымының 70%-ы Алматы, Астана, Атырау және Қарағандыға тиесілі.