Жаңалықтар

Мүгедектерді кемсітуді күнде көрем – депутат

Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев / Фото: wikipedia.org

Ерекше баласы бар аналарды жеңіл жүрісті әйелдерге теңеген блогердің 78 мың айыппұлмен құтылғаны дұрыс па? Бұл сұрақты Kursiv.media тілшісі Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиевке қойды.

Депутат бұл жазаны тым жеңіл деп санайтынын және осы мәселеге қатысты депутаттық сауал дайындап қойғанын жеткізді.

«Әрине, бұл – жеңіл жаза. Бұған әкімшілік жауапкершілікті күшейту керек деп ойлаймын. Бізде мүгедектігі бар адамдарға қатысты көрінбейтін дискриминация бұрыннан бар. Дамыған елдердің бәрі одан өткен. Мысалы, 80 жылдары Америкада адамдар өз құқықтарын қорғаған. Сондықтан ол жақта өркениетті қоғам қалыптасып отыр. Ал бізде өкінішке қарай енді жүріп жатыр. Президент реформаларымен инклюзивті қоғамға қадам басқан кезде осындай қарсылықтар болатынын 2020 жылы айтқанмын. Бұл – кез келген реформа алдынан шығатын табиғи кезең», – деді депутат.

Әбдиевтің айтуынша, қоғамда әлі де кеңестік кезеңнен қалған түсініктер бар. Атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдардан ең алдымен «кемшілік» іздейді.

«Алдымен адамның мүмкіндігін, потенциалын көруіміз керек. Саясаттың да мақсаты – ешкімнің қалып қоймауын қамтамасыз ету. Біз әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді ұсынып жатырмыз. 78 мың теңге – өте аз. Ол кісі өз сөзін әлі күнге дейін дұрыс емес деп есептемейді. Ең өкініштісі – оны қолдайтындар да бар. Мен өзім мүгедектігі бар адам ретінде мұндайды күнде көремін», – деді депутат.

Депутаттың сөзінше, инклюзивті қоғамға бетбұрыс бар, бірақ әлі де терең өзгерістер қажет.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде блогер Гүлнәр Оразалинаның ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына бағытталған қорлайтын әрі әдепсіз сөздері түсірілген видео тарап кетті. Аталған жағдай анықталғаннан кейін, Астана қаласының полицейлері әкімшілік іс қозғады. Көп кешікпей сот блогерге 78 мың теңге айыппұл салды,