
Қазақстанда инфляциялық қысым 2025 жылдың соңына қарай бәсеңдегенімен, әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Сондықтан Ұлттық банк 2026 жылғы инфляцияға қатысты болжамын 9,5%-12,5% деңгейіне дейін көтерді. Бұл туралы қаржы ұйымының ақша-несие саясаты жөніндегі баяндамасында жазылған.
2025 жылғы қарашада инфляция 12,4% деңгейінде қалыптасты. Оған негізінен Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары аясында коммуналдық қызмет ақысының көтерілмеуі себеп болған. Дегенмен, инфляцияның құрылымында тұрақты проинфляциялық факторлар сақталады.
Атап айтқанда, азық-түлік бағасы қымбатшылықтың негізгі драйвері болып отыр. Қарашада баға 13,4% өскен. Азық-түліктің қымбаттауына шетелде келетін тауарлар бағасының қымбаттауы, импорттың артуы, өндірушілердің шығынының өсуі себеп. Әсіресе ет, өсімдік майлы, сүт өнімдері, балық, кофе және какао бағасы шарықтаған.
Азық-түлік емес инфляцияның жеделдеуі де байқалады. Жанар-жағармай нарығын реттеуден бас тарту отын бағасының өсуіне, ал оның жанама әсерлері тауарлар мен қызметтердің кең ауқымында бағаның қымбаттауына әкеліп отыр. ТҮКШ тарифтерінің уақытша төмендеуі бұл санаттағы инфляцияны тек қысқа мерзімге тежеді.
Қызмет көрсету секторы да инфляцияға айтарлықтай үлес қосуда. Реттелетін коммуналдық қызмет бағасы арзандағанына қарамастан, нарықтық қызмет құны қарашада 13% артқан. Шаштараз қызметі, қоғамдық тамақтану және тұрғын үйді жалға беру негізгі өсім көздері болды.
Осы ретте Ұлттық Банк инфляцияға қатысты болжамын қайта қарап, оны жоғарылатқан:
- 2025 жылы – 12–13%,
- 2026 жылы – 9,5–12,5%,
- 2027 жылы – 5,5–7,5% деңгейінде қалыптасуы ықтимал.
Инфляцияға қатысты болжамның өзгеруі – салық реформасы, ҚҚС мөлшерлемесінің 2026 жылы 12%-дан 16%-ға дейін көтерілуі, тарифтердің қайта өсуі және квазифискалдық ынталандырудың сұранысқа ықпалына қатысты белгісіздікпен байланысты.
Ұлттық Банк мөлшерлемені 2026 жылдың алғашқы жартысына дейін төмендетуге мүмкіндік жоқ екенін атап өткен. Себебі инфляциялық күтулер тұрақсыз және жоғары деңгейде қалып отыр.