Жаңалықтар

2 млн айыппұл: Алматы ауасының ластығына кәуапханалар кінәлі ме

шашлык кәуапхана
фото: shutterstock

Алматы қаласында қоғамдық тамақтану орындары жоспардан тыс тексерілді. 12 рейд барысында жергілікті кәуапханалар экология талаптарын орындамағаны анықталды. Олар көмір жаққан. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Алматы билігінің мәліметінше, заң бұзғандарға жеті нұсқама беріліп, екі материал сотқа жолданды. Сегіз әкімшілік шара бойынша барлығы 1 млн 887 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Тексеруді санитарлық қызмет мамандары жүргізген. «Eco Almaty» өкілдерінің айтуынша, мегаполистегі кәуапханалар «шамадан тыс түтін шығарып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады».

«Қатты отынды пайдалануға тыйым салынған, ал газбен жұмыс істейтін жабдықтар сүзгілермен жабдықталуға тиіс», – деп таратты қала әкімдігі.

Кәуап пісіретіндер әдетте көмір немесе сексеуіл жағатыны мәлім.

Мұндай бақылау «ауаны қорғау жоспары», қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету аясында жүргізіледі.

Қарашаның аяғында ғана Дархан Сатыбалды басқаратын әкімдік ауаны кім ластап отырғаны туралы мәлімет берген. Жергілікті билік ауадағы лас заттардың 60%-ын автокөліктер шығарады деп есептейді. Бұған қоса, жеке тұрғын үйлер мен өндіріс нысандары да аталған, бірақ қаладағы кәуапханалар туралы ештеңе айтылмаған.

Мегаполистегі жылу қазандықтарының дені көмір жағатыны мәлім. Енді ғана газға көшіп жатқан нысандардың экология талаптарына қаншалықты сай екені белгісіз.