Lifestyle

90 жылдық тарихы бар Қуыршақ театры академия мәртебесін алды

Қуыршақ театры Алматы
фото: gov.kz

Алматы қаласындағы Қуыршақ театры академия мәртебесіне ие болды. 90 жылдық тарихы бар өнер мекемесі туралы қаулыға премьер Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Kursiv.Media қала әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Театр 1935 жылы белгілі қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің бастамасымен ашылған. Кішкентай көрермендерді ертегілер әлеміне жетелейтін өнер ордасы көрермен сұранысына сай қойылымдар ұсынып келеді.

«Қазақ халқының ертегілері мен аңыздарына негізделген «Ортеке», «Наурыз құпиясы», «Ұр, тоқпақ!», «Ер Төстік», «Қаңбақ шал», «Алтын адам» сынды балаларға арналған спектакльдер ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, балаларды патриоттық, батылдық, жасампаздық секілді ізгі қасиеттерге жетелейді», – деп таратты қала әкімдігі.

Әлем әдебиетінің үздік үлгілері қатарынан табылатын ертегілер мен шығармалар негізінде сахналанған «Қасқыр мен жеті лақ», «Қызыл телпек», «Үш торай», «Қар ханшайымы», «Түйме қыз» сынды қойылымдар бүлдіршіндерге мейірімділіктің, қамқорлықтың, адамгершіліктің маңызын үйретеді.

Ал ересектерге арналған «Мен кіммін..», «Шекпен», «Шал мен теңіз», «Ана – Жер ана», «Макбет. Иллюзия», «Ромео мен Джульетта» сынды спектакльдер көрерменге жан-дүниесіне үңіліп, рухани серпіліс алуға мүмкіндік береді.

Өнер ордасының ірі мәдени бастамалардың бірі – жыл сайын өтетін «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі. Жоба Алматыны халықаралық қуыршақ өнерінің маңызды орталықтарының біріне айналдырды.

Театрдың халықаралық сахнадағы белсенділігі де жыл санап артып келеді. Ұжым Франция, Канада, Болгария, Түркия сынды бірқатар елде өткен айтулы халықаралық театр фестиваліне қатысып, жүлделі орыннан көріне білді.