Lifestyle

«Жұмыс, жұмыс, жұмыс»: Жапония биылғы жыл сөзін таңдады

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи / Photo: x.com/takaichi_sanae, photo editor: Adelina Mamedova

Апта басында Жапонияның сөздіктер шығаратын танымал «Дзию кокуминся» баспасы «жыл сөзі» байқауының қорытындыcын жариялады

Ел аузында жүрген айрықша мемдер, жаңа терминдер мен сөз тіркестерін саралай келе, қазылар алқасы елдің жаңа премьер-министрі Санаэ Такаичидің жұмысбастылыққа үгіттейтін «жұмыс, жұмыс, жұмыс және тағы да жұмыс» деген фразасын 2025 жылдың ең айтулы сөзі деп таныды.

Қазан айында Жапония премьер-министрі болып сайланған Такаичи – ел тарихында осы лауазымға ие болған тұңғыш әйел. 

Биліктегі партия жетекшісі болып сайлануына орай жасаған мәлімдемесінде, Такаичи: 

«Мен «жұмыс пен жеке өмір арасында баланс сақтау» ұғымынан бас тартамын. Менің таңдауым – жұмыс, жұмыс, жұмыс және тағы да жұмыс», – деген.

Бұл сөзі оның еңбекқорлығы мен ісіне әбден берілгендігін айғақтап тұр.

Дегенмен, британиялық The Guardian басылымы атап өткендей, «нағыз жұмысбастылар» елі саналатын Жапонияда үкімет басшысының осындай ұстанымы көпшіліктің көңілінен шыға қоймады. 

Бұл елде онсыз да тынбай жұмыс істеп, әбден шаршап, зорығып өлгендер («кароши» немесе «кароси») аз емес. Бұқараның әлгі сөзге тіксініп қалғанын түсінуге болады.