
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Грузияда Қазақстанның үш азаматының ұсталуына қатысты мәлімдеме таратты. Топ-менеджерлер 2,8 млрд теңгенің мұнайын заңсыз сатты деген күдікке іліккен.
Грузия тергеу қызметі Қазақстанға тиесілі «Батуми мұнай терминалы» компаниясының лауазымы жоғары басшылары ұсталғанын хабарлаған еді. Терминалдың 100% үлесіне «ҚазТрансОйл» ие. Ал ҚТО акцияларының 90%-ын ҚазМұнайГаз (ҚМГ) ұстап отыр.
«Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ терминалдың барлық қызметкері жұмыс орындарында екенін хабарлайды. Терминал өз қызметін Грузия заңнамасы аясында жүзеге асырып отыр. Терминал мен оның қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделері толық көлемде қамтамасыз етіліп жатыр», – делінген ҚМГ мәлімдемесінде.
Ұлттық компания «тергеу құпиясын сақтау жөніндегі заң талаптарын ескере отырып, «Батуми мұнай терминалы» ЖШҚ қосымша түсініктеме бере алмайтынын» ескертті.
ҚМГ осы мәлімдемесі арқылы шынымен тергеу жүріп жатқанын растады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Батумиде жұмыс істейтін үш азаматы 2025 жылғы 3 желтоқсанда ұсталған. Күдіктілердің аты-жөні аталмады, бірақ олардың жоғары лауазым иелері екені мәлім.
Грузияның құзырлы органдары терминал резервуарындағы 10 мың тоннадан астам шикізат заңсыз сатылып кеткенін әшкерелеген – топ-менеджерлер заң салығы төленбеген мұнайды экспорттап жіберген. Тергеушілер осы қылмысқа тағы кімдердің қатысы барын, шығын көлемін анықтап жатыр.
Грузин баспасөзі күдіктілер 11 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екенін ескертті.