
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыда қылмыс деңгейі 13 пайызға төмендегенін мәлімдеді. Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық азайған.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, ол президент қойған басты міндет – Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті.
«Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Алматылық полиция қызметкерлерінің кәсібилігі миллиондаған қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен тыныштығына тікелей әсер етеді», – деді министр.
Ержан Сәденовтің айтуынша, қалада қылмыспен күресуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Ол айтарлықтай нәтиже беріп келеді. Қалада қылмыс деңгейі 13 пайызға төмендеді. Ал кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық, қайталанған қылмыс және көше қылмыстары едәуір азайған.
Министр өңірлік бөлімшелердің жұмысындағы кейбір кемшіліктерді атап өтіп, нақты тапсырмалар берді.
Қаңтар айында Бас прокуратура 2024 жылдың қорытындысы бойынша қылмыс өсімі байқалған Қазақстан өңірлерін атаған болатын. Ең көп қылмыс Алматы мен Астанада тіркелген еді.
Мұны министр Ержан Сәденов Алматы қаласына жұмыс сапарымен келіп, кәмелетке толмағандарға арналған жаңа колонияның қызметімен танысу барысында айтқан.