
«Тараз» футбол клубына жаңа директор тағайындалды. Бұл қызметке Сыдықбек Дидар Бақытбекұлы ресми түрде кірісті.
Тағайындау Жамбыл облысы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұйрығымен жүзеге асты. Бұл шешім ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №70 бұйрығы мен ҚР Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы №272 бұйрығына сәйкес қабылданған.
Дидар Сыдықбек 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Кәсіби футболшы ретінде еліміздің бірқатар клубтарында өнер көрсетті. Әр жылдары «Қызылжар», «Астана-1964», «Ақтөбе» және «Ордабасы» командаларының намысын қорғады.
Сондай-ақ ол Қазақстанның U-17, U-19 және U-21 жастар құрамаларына шақырылып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғаған.
2012 жылы Дидар Сыдықбек Қазақстан кәсіпқой бірінші лигасының үздік жас ойыншысы атанды.
Футболшы ретіндегі мансабын аяқтаған соң, түрлі басқарушылық қызметтерде болды. Атап айтқанда, «Прогресс KZ» жол компаниясының талдау бөлімін басқарды, Президент істері басқармасы жанындағы «ИТЦ» АҚ бақылау қызметінің басшысы қызметін атқарды.
Футбол менеджментіндегі алғашқы ірі жобаларын SD Family Group директоры ретінде іске асырды. Оның бастамасымен жеке клуб, стадион және балалар академиялары ашылып, Қазақстан Медиа футбол федерациясы құрылды.
Бұдан бөлек, Қазақстан футбол федерациясы іске асырған «Алаң» инфрақұрылымдық жобасында кеңесші ретінде еңбек етті. 2025 жылы «Атырау» футбол клубының бас менеджері қызметін атқарған.