
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында бөлшек сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға артып, 22,862 трлн теңгеге жеткен.
Сауда кәсіпорындары өткізген тауар көлемі де оң динамика көрсетіп, 5,8%-ға көбейді. Жалпы құрылымда азық-түлік тауарларының үлесі – 32,9%, ал азық-түлік емес тауарлар 67,1% болды.
2024 жылмен салыстырғанда азық-түлік өнімдерінің сатылымы 7,9%-ға, азық-түлік емес тауарлардың сатылымы 7%-ға артқан.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша бөлшек саудамен айналысатын кәсіпорындарда 1,7 трлн теңгенің тауар қоры қалыптасты. Бұл – шамамен 61 күндік сауда айналымына тең көрсеткіш.
Сатып алу белсенділігінің негізгі бөлігі жеке секторда сақталып отыр: жыл басынан бері жеке меншіктегі кәсіпорындар 20,6 трлн теңге көлемінде өнім сатқан. Бұл жалпы бөлшек сауда көлемінің 90,1%-ын құрайды. Шетелдік меншіктегі компаниялардың үлесі – 2,273 трлн теңге немесе 9,9%.
Аймақтар бойынша басым үлес дәстүрлі түрде ірі қалаларға тиесілі. Қаңтар-қараша айларында елдегі бөлшек сауданың:
- 33,6%-ы – Алматыға,
- 14,2%-ы – Астанаға,
- 7,2%-ы – Қарағанды облысына,
- 5,1%-ы – Шығыс Қазақстан облысына келген.
2025 жылғы 11 айдың қорытындысы Қазақстандағы ішкі тұтыну нарығының жанданып, сауда көлемінің кеңейіп келе жатқанын байқатады.