Lifestyle

Джеки Чанның жаңа фильмі Маңғыстауда түсіріледі

Джеки Чанның жаңа фильмі Маңғыстауда түсіріледі
Джеки Чанның жаңа фильмі Маңғыстауда түсіріледі / Фото: Shutterstock

Қытайлық әйгілі актер Джеки Чанның «Құдай сауыты: Ультиматум» фильмі Қазақстаннфң Маңғыстау өңірінде түсірілетін болды. Бұл туралы шешімді фильм режиссері қазақстандық Роберт Кун қабылдаған.

Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығының ақпаратына сүйенсек, өңірге сапар барысында киножоба өкілдері табиғи және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен танысып, ондаған әлеуетті орындарды аралап, негізгі табиғи объектілерді егжей-тегжейлі қарап шыққан. Ұзақ келіссөздердің нәтижесінде Маңғыстау өңірдің бірегей ландшафттары, ауқымды панорамалары мен табиғи бірегейлігі арқасында «Құдай сауыты» фильмінің түсірілім орны ретінде таңдалған.

«Маңғыстауда әйгілі фильмді түсіру қазақстандық киноиндустрия үшін маңызды оқиға ретінде қарастырылуда. Жобаны іске асыру Қазақстанның халықаралық кинематографиялық картадағы позициясын нығайтуға, өңірге инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, сондай–ақ облыстың креативті индустриялары мен туристік әлеуетін дамытуға ықпал етеді», – деп атап өтті өңір әкімдігінде.

Осы деңгейдегі халықаралық команданың жобасына қатысу кәсіби алмасу, жергілікті мамандарды тарту және әлемдік аудитория үшін Маңғыстаудың табиғи және мәдени мұрасын ілгерілету үшін қосымша мүмкіндіктер туғызатыны атап өтілді.

Жоба бойынша дайындық және ұйымдастыру жұмыстары белгіленген тәртіппен жалғастырылатын болады.

Түсірілім 2026 жылдың көктемінде басталады. «Құдай сауыты» – Джеки Чан түсірген 1986 жылғы Гонконгтағы шытырман оқиғалы фильм.

Осыған дейін Джеки Чанның жаңа фильмін қазақстандық режиссер Роберт Кун түсіретінін жазған едік.