
Қазақстандықтар енді БЖЗҚ-дағы қаражатын пластикалық операция жасауға пайдалана алмайды. Бұ туралы «Отбасы банк» АҚ хабарлады.
Бұған дейін enpf-otbasy.kz платформасында стоматология мен офтальмологияға БЖЗҚ қаражатын пайдалану тоқтатылды.
Содан кейін азаматтар жаппай реконструктивті және пластикалық операция жасауға ақша ала бастаған. Яғни операциядан кейінгі тыртықты түзету және туа біткен ақауды коррекциялауға сұраныс артқан.
«Отбасы банк мұндай өтінімдердің саны бойынша күрт өсімді байқaды. Бұрын банкке пластикалық оталарға БЗҚ қаражатын пайдалану туралы азаматтардан орта есеппен 16 өтініш түсетін. Алайда қыркүйекте стоматология бойынша өтінім қабылдау тоқтаған кезде олардың саны 123-ке дейін өсті, қазанда – 1 844-ке, ал қарашада – 3 878 өтінішке жетті», – деп хабарлады банк.
Офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін, пластикалық отаға қаражатты пайдалану бойынша 2 093 өтініш түскен. Осылайша бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе артқан.
Желтоқсандағы өтінімдердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жетті.
«Азаматтардың зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалау – Отбасы банкінің міндеті. Пластикалық оталарға деген қызығушылықтың күрт артқанын байқаған кезде, біз бұл жағдайдан БЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану қаупін көрдік. Сондықтан осы бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық», – деп хабарлады «Отбасы банк».
Айта кетейік, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын шешіп алуға болатын ең төменгі жеткіліктілік шегі 2026 жылы орта есеппен 10%-ға өседі.