
ERG холдингіне кіретін «Қазақстан электролиз зауыты» 2024 жылғы тапқан табысынан акционерлеріне қомақты дивиденд төлеуді жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы бастапқы алюминий өндіретін жалғыз зауыт.
Қазақстан қор биржасында жарияланған мәліметке сәйкес, әрбір жай акцияға 7,5 мың теңгеден бөлу қарастырылған.
Бұл қаржының бәрін зауыттың жалғыз акционері – EKT Holding алады. Ал EKT Holding-тің түпкі иесі Eurasian Resources Group S.a.r.l. (ERG ) компаниясы.
Ал ERG тобының 40 пайыз акциясын Қаржы министрлігі иеленеді. Қалған акциялары Forbes тізіміндегі байлардың отбасыларына тиесілі. Ибрагимовтар әулеті 20,7% акциясын иеленсе, марқұм Александр Машкевичтың мұрагерлері де 20,7% үлесті меншіктеген. Сонымен қатар компанияның 18,6 пайыз акциясы Патох Шодиевтің меншігінде.
Зауыттың шамамен 6,6 млн жай акциясы айналымда жүргенін есепке алсақ төленетін қаржы көлемі 49 млрд теңгеден асуы ықтимал.
2024 жылы зауыт табысын үш есе арттырып, 16,9 млрд теңгеден 59 млрд теңгеге жеткізген болатын. Бұған дейін компания осы табысынан тек 9,8 млрд теңгені дивиденд ретінде төлейтіні хабарлаған. Алайда акционер шешімі өзгеріп, төленетін қаржы бірнеше есе артты.