
Алматыдағы Халықаралық жас ғалымдар конгресінде сөз сөйлеген Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қоғамда жиі көтеріліп жүрген өзекті мәселе – пәндерді біріктіріп оқыту жөніндегі бастама тоқтатылатынын айтты.
«Қазіргі таңда біздің қоғамда жаратылыстану пәндерін қосып оқытуға байланысты, яғни, химия, физика, биология пәндерін бір пәнге біріктіру туралы қызу талқы жүріп жатыр. Енді бұл пәндер кіріктірілмейтін болды. Физика физика ретінде, химия химия ретінде, биология биология ретінде бөлек оқытылатын болады. Әрқайсысы жеке пән ретінде өз мәртебесін сақтап, пәндерді біріктіру реформасы бүгіннен бастап тоқтатылатын болады», – деді Сүлейменова.
Министрлік ұстанымынша, жаратылыстану пәндерін жеке оқыту мектеп жасында оқушылардың фундаменталдық ғылымды терең, жүйелі меңгеруге толық жағдай жасауға ықпал етеді.
Айта кетейік, бұрынғы министр Ғани Бейсембаев тұсында мектептерде пәндерді біріктіріп оқыту мәселесі жиі айтылып, қызу талқыға түсті. Мәселен «Алгебра» мен «Геометрияны» біріктіру, «Химия», «Биология», «Физиканы» «Жаратылыстану» пәніне біріктіріп оқыту тәжірибесін енгізу ұсынылған еді.