Жаңалықтар

Сабақ кезінде күйіп қалған химия пәні мұғалімі жазаға тартылады

Мектеп директорының міндетін атқарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды / фото: ашық дереккөзі
Мектеп директорының міндетін атқарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды / фото: ашық дереккөзі

СКО-да сабақ кезінде жарылыс болып, химия пәні мұғалімі күйіп қалды. Алайда, ауруханадан шыққан соң ол техника қауіпсіздігін бұзғаны үшін жазаланады.

Orda.kz хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласында химия пәні мұғалімі 9-сыныптағы демонстрациялық тәжірибе кезінде беті, мойны, қолы және кеудесінен термикалық күйік алған. Тәжірибе барысында оның киімі жанып кеткен. Ал өртті оқушылардың бірі сөндірген. Балалар аман.

«Нәтижесінде мектеп директорының міндетін атқарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұғалім еңбекке оралғаннан кейін қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылады», – деп хабарлады СҚО білім басқармасы.

Оқиғадан кейін өңірдегі барлық мектепте техника қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігі бойынша жоспардан тыс нұсқаулық өткізілді. Полиция тексеруінің материалдары Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне жолданды.

Ал Алматы облысында мұғалімнің оқушыны шашынан тартып, жұдырықпен ұрғаны белгілі болды.