Жаңалықтар

Алматыда бір-біріне тірескен, ауласы тар үй тұрғызуға тыйым салады

Алматы қаласы тірескен тар үй тұрғын үйлер
фото: shutterstock

Алматы қаласында бір-біріне өте жақын орналасқан, аумағы тым тар тұрғын үй салуға тыйым салады. Мегаполис Бас жоспарына осындай өзгеріс енгізу туралы ұсыныс бар. Бұл туралы Kursiv.Media шаһар әкімдігі мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Халық талқылайды

Алматы қалалық мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері бірлескен кеңейтілген отырыс өткізді. Жиналыста мегаполистің 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына түзету енгізу мәселесі қаралды.

Әкім орынбасары Бейбіт Шаханов соны өзгерістер жыл аяғына қарай қоғам талқысына ұсынылады.

«Жобаның қоғамдық талқылауы биыл 24–26 желтоқсан аралығында өтеді. Ортақ міндетіміз — қала дамуының мүддесі мен стратегиялық бағыттарын айқын көрсететін, жан-жақты әрі сапалы пысықталған құжат ұсыну», – дейді шенеунік.

Алматы мектеп таңдау
Сурет ЖИ көмегімен дайындалды, бильд-редактор: Дина Карамчакова

100 мың оқушыға мектеп керек

Мәслихат өкілі Дәурен Маралов тау бөктерінде құрылыс салуға тыйым салуды ескеру керектігін айтты. Мектеп, балабақша және аурухана санын арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады.

«Халық санының өсуі әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір күшейтуді талап етеді. 2030 жылға дейін 107,5 мың оқушы үшін метеп, 101,5 мың бала үшін балабақша, 1,2 млн шаршы метр медициналық нысандар, сонымен бірге мәдениет, сауда және өрт қауіпсіздігі нысандары желісін салу қажет», – дейді ол.

Алматыға күнде қатынайтын жүздеген мың адам

Мараловтың айтуынша, қазір күн сайын орталыққа шамамен 600 мың адам қатынайды. Мұндау көшті азайту үшін мегаполис шетіндегі аудандарды дамыту керек.

«Полиорталықтарды дамыту өте маңызды. Ол көші-қонды азайтып, экономика белсенділігін қайта бөлуге мүмкіндік береді», – деп есептейді депутат.

Соған байланысты Бас жоспарды өзгерту қала үшін аса қажет дейді қалалық мәслихат комиссиясының басшысы.

Баум тоғайын абаттандыруға 4,7 млрд теңге жұмсалады
Баум тоғайы / Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Орман салынады

Қоғамдық кеңес төрағасы Махамбет Хасенов те маңызды құжатты өзгертуді қоллайды. Оның айтуынша, құжатта экологияға көп көңіл бөлінеді.

«Түзету жасыл аймақтар аумағын үш еседен аса ұлғайтып, 3 800 гектарға дейін жеткізуді көздейді», – дейді ол.

2040 жылға дейін шаһарда жаңа орман мен саябақтар салынады. Өзен аңғарлары қорғалады.

Ауласы тар үйлер

Бірлескен отырысқа ауласы тар үйлер мәселесі де сөз болды. Құжат жобасында бір-біріне тіресіп тұрған үйлерге тыйым салу туралы айтылған.

«Құрылыс тығыздығын төмендетуге ерекше көңіл бөлінген: бұрын бір гектар жер 330 адамға шақталса, жаңа тәртіп 260 адамға дейін қысқартуды көздейді», – деді Хасенов.

Мәслихат депутаттары да, қоғамдық кеңес мүшелері де Бас жоспарды түзету жобасын қолдады. Қоғам өкілдері ұсынған ескертулер құжатты пысықтау барысында ескеріледі, деп таратты қала билігі.

Осының алдында Алатау бөктерінде 3 қабаттан биік тұрғын үй құрылысына тыйым салынған.

Бұған дейін Kursiv.Media әкім Дархан Сатыбалды басқаратын әкімдік құрылысты бақылауды күшейткенін, тағы 70 ғимарат бұзылатынын жазған.