Жаңалықтар

Қызылағаш трагедиясы қайталанбай ма –  әкім жауап берді

Фото: ашық дереккөз

15 жыл бұрын 45 адамның өмірін қиған «Қызылағаш оқиғасы» қайталанып жүрмей ме?  Қайта жаңғыртудан өткен Қызылағаш су қоймасының сапасы сын көтере ме? Бұл сұрақтарға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жауап берді.

Өңір әкімі үлкен трагедияға алып келген оқиғаны ұмытылмайтынын және болашақта мұндай жағдайға жол берілмейтінін айтты.

«Иә ол трагедия барлығымыздың есімізде. Мұндай жағдай қайталанбас үшін 4,5 жыл сыйымдылығы 42 млн куб су баратын Қызылағаш қоймасына күрделі жөндеу жүргізілді. Былтыр көктемде біз сынақтан өткіздік. 44,5 млн кубқа дейін тексердік, бір ай тұрды, шыдады», – деп мәлімдеді аймақ басщысы ОКҚ брифингінде.

Биыл Қызылағаштағы бұл қойма «ҚазСуШар» мекемесінің балансына берілген. Әкім барлық қауіпсіздік шаралары мен стандарттарға сай деп сендірді.

«Енді қайталанбайды деп отырмыз. Ал әлеумттік желіде жарылып кетіпті, не болмаса жеке адамға сатылып кетіпті деген әңгімелердің бәрі шындыққа сәйкес келмейді. Кепілдік мерзімі бар, мемлекеттік сараптама 7 ай қабылдады. Ондай нәрсемен ойнауға болмайды» , дейді Бейбіт Исабаев.

Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрлгі 15 жыл бұрын Қызылағаш ауылын шайып кеткен плотинаны толығымен жаңғыртқанын хабарлады. Су қоймасының су тасқыны кезінде пайдаланатын апатты суды жіберуге арналған каналы нығайтылып, су қабылдайтын жаңа торап салынған. Жалпы су қоймасының сыйымдылығы 42,6 млн текше метрді құрайды. Бұл 6 680 гектар егістік алқабын сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Трагедия жайлы

2010 жылы 12 наурызға қараған түні қазіргі Жетісу облысының (ол кезде Алматы облысы) Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасының бөгеті бұзылды. Салдарынан Қызылағаш ауылының Талдықорған мен Алакөл арасындағы аумағы зардап шекті. Ресми ақпарат бойынша, қайғылы оқиғадан 45 адам қаза тапты.

Қайғылы жағдай болған тұста елді Нұрсұлтан Назарбаев, Үкіметті Кәрім Мәсімов, Алматы облысын Серік Үмбетов басқарып тұрған.