Жаңалықтар

2026 жылы мемлекеттік активтердің жартысына жуығы жекешелендіріледі

фото: shutterstock

Елдегі кәсіпкерлікті өсіру үшін мемлекет экономикадағы үлесін азайтуға кірісіп жатыр. Осыған орай премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма берді.

Үкімет басшысының сөзінше, жекешелендірудің 2030 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Оған отын-энергетика, өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік компаниялар енгізілген.

Енді 2026 жылы сол активтердің кем дегенде жартысы сатылуы яғни жеке секторға өтуі керек.

«Әкімдіктерге, мемлекеттік органдар мен компанияларға жаңа жоспарға енгізілген активтердің кем дегенде жартысын 2026 жылы сатуды қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстарды қазірден бастауды тапсырамын», – деді Бектенов.

Осыған дейін «Самұрық-Қазына» қоры алдағы бес жылда өз портфеліндегі 15 компанияны бәсекелес ортаға шығарытыны жайлы мәлімдеген. Оның ішінде 10 түрлі кәсіпорынды жеке секторға өткізуді көздеп отыр. Олар стратегиялық сатып алушыға сату, басқаруға беру не үлесін кезең-кезеңімен өткізу деген жолмен жүзеге асырылуы мүмкін.

Олжас Бектенов дерегінше, мемлекеттік экономикадағы үлесі ЖІӨ-ге шаққанда 13,7%.