
Алматыда келешекте кей ауданға ескі көліктерге кіруге тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтты.
«Экологияны жақсарту бойынша ереже дайындадық. Құжатты әділет министрлігі қарап жатыр. Мақұлданған жағдайда Еуро-0 санатындағы көліктерді белгіленген аудандарға кіргізбеу, не ақы төлеп кіру туралы норма енгізіледі. Ескі көліктерді ауыстыруға мотивация болмаса, ауа жақсармайды, кептеліс бітпейді», – дейді әкім.
Алайда қала әкімі мұндай ереже күшіне енуі үшін соған сай жағдай жасалуы керек екенін, ол мақсатта қоғамдық көлікті дамытуға күш салынып жатқанын жеткізді.
Қоғамдық көлікті дамыту екінші жағынан қаладағы кептеліс мәселесін де шеше түспек.
«BRT-ны жылдам іске қосуға болады. Қазір LRT-ның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Екеуі қатар жүреді. Маусымда метроға барған кезде «Қалқаман» бекетін аяқтау үшін 24 ай керек деген. Іс жүзінде 8-9 айда аяқтап жатыр. Метро көп қаржыны талап етеді. Бір шақырымына 80-90 млн доллар қажет. «Қалқаман» бекетінен «Барлық» базарына дейінгі 5,3 шақырымды келесі жылы қарыз алып бастаймыз», – деді Сатыбалды.
Екінші кезеңде метро желісі «Жібек жолы» станциясынан әуежайға дейін жеткізіледі. Екеуінің арасы – 14 шақырым. Жұмыс 2026 жылы басталады деп жоспарлаған.
Айтуынша, метро мен өзге қоғамдық көлік желілері кеңінен дамымайынша, қалада кептеліс бола береді.
Бұған дейін Алматы әкімдігі тұрғындардың ескі көліктерін сатып алып, оларды утилизациялайтыны туралы айтылған.