
Осы жылдың 11 айында республикалық бюджетке 13,6 трлн теңге түсті. Екеуі де былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім көрсетті, деп баяндады қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Министрлік баяндамасында бюджет кірісі жақсы дегенмен, іс жүзінде жағдай басқашалау. Республикалық бюджет жылдық жоспарды орындай алмай келеді.
Осыған дейін қыркүйекте республикалық бюджеттің кірісі әлдеқайда аз болып, жоспар орындалмай қалған еді. Дәл осылай шілдеде де кіріс азайып, жоспардың 92,5%-ы ғана орындалған еді.
«2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 2025 жылы ел бюджетінің кірісі 21,4 трлн теңге, ал шығыны 25,2 трлн теңге болуы керек. Әлі бұл көрсеткішке жете алмай келеді.
Қаржы министрлігі бюджет түсімінің азаюын мұнай бағасының төмендеуі, экспорттың қысқаруымен түсіндіреді.
«Әлемдік мұнай бағасының өткен жылмен салыстырғанда 12 АҚШ долларына және болжамды деңгейден 5,4 долларға төмендеуі, экспорттың 3,8%-ға қысқаруы – ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің 37%-ға азаюына әкеп соқты», – деді Ержан Біржанов.
Түсімдер азайған сайын, республикалық бюджеттің шығыстарын жабу қиындай түседі. Бұл үкімет алдындағы елеулі мәселенің бірі. Жылдан-жылға кіріс пен шығыстың арасы ұлғайып барады.
Өткен айда Парламент үш жылдық бюджетті бекіткен еді. Құжатқа сүйенсек, 2026-2028 жылдар аралығында да бюджет шығысы кірістен әлдеқайда көп болады.