
«Он жыл бұрын ғана ауа өлімге себеп болады дегенге сену қиын еді, ал қазір – ғылым дәлелдеген факт». Америкалық дәрігер ғалым Алмаз Шарман Алматы, Қарағанды және Теміртау секілді лас қалалардағы ауаның денсаулыққа зияны туралы жазды.
Лас ауа қаупі
Америкада тұратын қазақ ғалымының айтуынша, ауаның қатты бөлшектермен ластануы – әлемде адамның мерзімінен бұрын өлу себептерінің бірі.
«PM2.5 бөлшектер ұсақ болғаны сонша, өкпеден бірден қанға өтіп, созылмалы аурулар тудырады. Инфаркт пен инсульт алу қаупі жоғарылайды. Иммунитет төмендейді. Осының бәрі адамның есте сақтау қабілеті мен зейініне кері әсер етеді», – деп сипаттады маман ауа құрамындағы қауіпті бөлшектің денсаулыққа кесірін.
Бұл ретте Шарман PM2.5 бөлшектерінің қауіпсіз деңгейі жоқ екенін кесіп айтты. Алматы мен Теміртау ауасындағы лас заттар мөлшері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) белгілеген деңгейден 3-5 есе асып кетіп жатады. Ғалым оны экологияның ғана емес, өмір мен өлім мәселесіне жатқызады.
Пластик бөлшектер улайды
Алмаз Шарман пластик өркениеті дендеп енгенін, микропластик – көпшілікті қатты алаңдататын мәселелердің біріне айналғанын айтты.
«Оны Каспий суларында, Алматы облысының қарында, күнде ішіп жүрген пластик бөтелдегі суда тапты», – деп жазды ғалым.
Маманның айтуынша, бөтелкедегі бір литр суда 240 мыңға дейін пластик бөлшектері бар, ал оның басым бөлігі – нанопластик.
«Ол күре тамырларда, бауырда, плацентада, атабезде, ми жасушасында жиналып қалады. Соның салдарынан гормондар жұмысы бұзылып, бедеуліктен қатерлі ісік ауруына дейінгі аралықтағы кеселдер өршиді», – деп есептейді Шарман.
Оның пікірінше, адам лас ауаға үйренеді, бірақ дене оны қабылдай алмайды.
«Сол себепті үндемей қалуға болмайды», – дейді Алмаз Шарман.
Бұған дейін америкалық дәрігер Гонконг тұмауы туралы жазып, «қыста жағдай қиындайды» деп болжаған.
Осының алдында Алматы әкімдігі ауа сапасына қатысты ресми дерекке ғана сенуге кеңес берген.