
Қыркүйек айында Қаржы министрі Мәди Такиев алдағы жылдары «Отбасы банк» салымшыларына мемлекеттік сыйлықақы төлеуге бюджеттен қаржы қарастырылмаған деп мәлімдеді. Министр банк салымшыларына сыйлықақыны банктің өз қаражатынан төлейді деген. Осы ретте Kursiv.Media «Отбасы банкке» сауал жолдап, клиенттердің депозитіне сыйлықақы қалай төленетінін сұрап білді.
Банктің баспасөз қызметі жолдаған ресми жауапқа сәйкес, мемлекет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне ақша салып жүрген азаматтарды қолдауды жалғастырып отыр. 2025 жылы бұл жүйеге қатысатындар 157 280 теңгеге дейін мемлекеттік сыйлықақы ала алады.
Бұл талап Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» заңында нақты көрсетілген. Заң бойынша, тұрғын үй жинақ банкіндегі депозиті бар Қазақстан азаматтарына мемлекет жыл сайын сыйлықақы төлейді.
Сыйлықақы қалай есептеледі
Мемлекет салымшының бір жыл ішінде жинаған ақшасына 20 пайыз қосып береді. 2025 жылы 200 АЕК – 786 400 теңге. Оның 20 пайызы – 157 280 теңге. Яғни, бір адам алатын ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы осы мөлшермен шектеледі.
Мемлекеттік сыйлықақыны алу үшін депозитті 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін толықтыру керек. Жыл соңына дейін салынған қаражаттың бәрі есепке алынады.
Ал сыйлықақыны нақты қанша адам алатыны жыл аяқталғаннан кейін белгілі болады. Себебі азаматтар желтоқсанның соңына дейін депозит ашып, ақша сала алады, ал сол салымдардың барлығына мемлекеттік сыйлықақы есептеледі.