Lifestyle

«Дәм-тұзы жараспады»: 2025 жылы жолы екіге айырылған жұлдыз жұптар

коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Биыл қазақстандық шоу-бизнес және блоггиң саласында шаңырақ көтергендер аз емес. Сондай-ақ 2025 жылы ажырасып, екіге жаққа кеткендер де болды. Kursiv Lifestyle ел арасында көп талқыланған ажырасу оқиғаларын тізіп шықты.

Дариға Бадықова мен Дархан Мұсаев

«Келінжан» сериалындағы Айсара рөлімен көпшілікке танылған актриса, продюсер Дариға Бадықованың отбасылық өміріндегі өзгеріс ақпарат алаңында қатты талқыланды. Экс-күйеуі, актер Дархан Мұсаев журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбатқа қонақ болып келіп, шындықты жайып салған еді.

Оның айтуынша, Бадықова әнші, актер Олжас Абаймен көңіл жарастырған. Оған қоса, экс-жұбайлар арасында ақшаға қатысты да көп келіспеушілік болған деседі. 2008 жылы шаңырақ көтерген жұп осылайша 16 жылдан кейін екіге кетуге шешім қабылдаған.

Сұхбатта айтылған кей жеке мәліметтердің көпшілікке жария болғанына наразы болған Дариға кейін Мұсаевтың үстінен арыз жазған еді.

«Менімен бірге тұрып, мені көре алмайтын, қызғаныштан уланған адам еді. Енді бәрін халыққа айтып, өз бейнесін «құрбан» етіп көрсеткісі келеді. Бұл еркекке жарасатын іс емес. Өзі ештеңеге қол жеткізбеген, әйелінің тамағын ішіп, әке-шешесінің ақшасына күн көріп отырған адамдар қоғамға пайда әкелмей тұрып, басқаларды сынайды», – деп жазды актриса.

Сұхбат шыққаннан кейін, біразға дейін ел мұның шын-өтірігін ажырата алмай дал болды. Себебі Бадықованың дәл сол уақытта жаңа фильмі прокатқа шығып жатқан. Тіпті «мынау бір сұмдық PR һәм хайп болды» деген де пікір айтылған. Дегенмен кейіннен екі тарап та мұның хайп емес, шын екенін растады.

Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанова

Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатовтың отбасын тастап, басқа әйелмен көңіл жарастырған туралы ақпаратқа да көпшілік сене қоймады. Дегенмен Мөлдір Мұқанова ажырасып кеткендері туралы ашық айтып, сұхбат берді.

20 жыл бір шаңырақ астында тұрып келген жұпқа жұрт сүйсіне қарайтын. Оған қоса, әзілкештің өзі де концерттерінде әйелінің мақтауын асырып, бала-шағасына қамқор әке екенін ұдайы көрсетіп жүретін. Соған қарап көпшілік сырттай қызыға қарайтын.

Мөлдір Мұқанова да қатардағы қарапайым әйел емес. Белгілі продюсер, кәсіпкер. Екеуі бес баланы өмірге әкелген. Бірақ соған қарамастан қарым-қатынасқа сызат түсіп, жолы екіге айырылған.

Осы кезге дейін ашық айтылмаса да, өсек-аяң түрінде арагідік ақпарат шығып қалатын. Кейіннен Мұқанова сұхбатта ол ақпараттарды растап, Тұрсынбектің басқа әйелге кеткеніне көп болғанын айтты. Тіпті олардың арасында бүгінде үш бала бар екен.

Мөлдірдің айтуынша, үйленгендеріне алты жыл болғаннан кейін, Тұрсынбек басқа әйелмен көңіл жарастырған. Соған қарамастан, Мұқанова 14 жыл бойы ажыраспай, шыдап келген. Сонымен бірге балаларға бұл жаңалық ауыр тигенін, Қабатовтың оларды WhatsApp желісінде бұғаттап тастағанын да айтқан еді.

Кейіннен Тұрсынбек қысқа қайырып, «балаларымды жақсы көремін. Бәрі жақсы. Араласып тұрамын», – деді. Желіде Айман есімді қолданушыны Тұрсынбектің екінші әйелі деген әңгіме тарады. Әзілкеш ресми түрде ештеңе айтпаса да, концертте сол әйел жанынан табылып, бірге түскен суреттерін желіге салып қойған.

Сабина Алтынбекова мен Саят Салманұлы

Еліміздегі ең сұлу волейболшы Сабина Алтынбекова мен кәсіпкер Саят Салманұлы осыдан бес жыл бұрын шаңырақ көтерген еді. 2021 жылы ұлды болып, сүйінші жаңалықтарын жариялаған. Дегенмен кейіннен Сабина бірге түскен суреттерін алып тастап, күйеуін желіге мүлдем салмай кетті. Сол кезде-ақ оқырман «екеуі ажырасып кеткен сияқты» деп қауесеттің шетін шығарған еді. Бірақ ол сөздерді спортшы елемей, «Арамызда бәрі жақсы. Көз бар, сөз бар. Біз біргеміз» деген болатын.

Әйтсе де, биыл Алтынбекова ресми түрде ажырасып кеткендерін көпшілікке ашып айтты. Оқырман тарапынан «Сіздер ажырасып кеттіңіздер ме?» деген сұрақ көп қойылғандықтан, Сабина stories-те «Мен ресми түрде некеде болдым және ресми түрде ажырастым. Бұл жайтқа қатысты көптеген сауал болды. Осы жауабыммен бәріне нүкте қоямын», – деп қысқа қайырды.

Наима Байсафа мен Руслан Хайруллаев

Блогер Наима Байсафа мен коуч Руслан Хайруллаев 2023 жылы жазда шаңырақ көтерген еді. Олар араға бір жыл салып, Айви есімді қыздың ата-анасы атанды. Бірақ өкінішке қарай, сәби өмірге келмей жатып жұп екіге кеткен.

Наиманың айтуынша, перзентханаға өзі баруға мәжбүр болған. Блогердің анасы Жанна Ахметова болса, бір сұхбатында «Қызыма барлық затты мен алып бердім. Ақша бердім деп өтірік айтады. Жаялық та алып бермедіңдер. Перзентханадан шығып жатқанда құдағайым «енді ұл тап, бізге қыз жарамайды» деп айтып қалды» деп өкпесін білдірген болатын. Ал Руслан болса, бұл айтылған сөздерге келіспейтінін айтты. «Қызым туған сәттен бастап барынша қолдадым. Барлық шығынды мойныма алдым. Бағуға көмектестім. Екіге кеткеннен кейін ақша жіберіп тұрдым. Барлық түбіртек сақтаулы тұр. Көзге көрсетпей-ақ қояйын дегенмін. 3-4 айдың өзінде 11 млн 700 мың бердім. Бұл бір азын-аулақ ақша деуге келмейді, солай емес пе?» деген еді.   

Алихан Байзақов пен Стефа

Instagram және TikTok желісінде танымал жұп отбасын құрғанда көпшілік олардың қарым-қатынасына сүйсіне қараған. Әсіресе, бұған дейін жаман әдеттерімен танылған, құмар ойындарына «батқан» Алиханның өмір салтын дұрыстап, жібі түзу отағасына айналғанына көпшілік қуанған еді. Ал әйелі Стефа болса, күйеуі үшін қазақша үйреніп, жақсы келін болуға барын салған. Бірақ үйленгендеріне бір жылдай уақыт болғаннан кейін екеуі екі жаққа кетті.

«Осы мәселеге нүкте қойсам деймін. Ажырасып кеткеніміз рас. Бұл шешімді бірге қабылдадық. Бұрын жүрген қыздарыма қашанда құрметпен қараймын. Бірге өткерген керемет сәт көп болды. Бірақ бүкіл нәрсенің аяқталатын сәті болады. Сонымен осы тақырыпты жапқым келеді. Ол адамның (Стефа – авт.) енді менің отбасыма, тегіме еш қатысы жоқ. Құрметпен қарауларыңызды сұраймын» деп жазды Байзақов.

Кейіннен Стефа да бұл жаңалықты растап, подкастарда айтты. Көпшілік ажырасуға басты себеп Алиханның анасы болды деген пікірде. Дегенмен Байзақов «бұл жерде анамның ешқандай қатысы жоқ. Ол ешқашан арамызға түскен емес. Мен анамның баласымын, онда тұрған ұялатындай ештеңе жоқ. Ананың орны бөлек, әйелдің орны бөлек. Сынап-мінеп жатқан әйелдерге айтарым: өздерің де болашақ ана екендеріңді ұмытпаңдар. Ұлдарың сендерді сыйламаса жақсы болар ма еді? Анаға құрмет көрсету – міндет», – деп жауап берді.