
Тоқаевтың Жапонияға сапары әлі жалғасып жатыр. Бүгін ол «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі.
Президент Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады.
«Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз», – деді ол.
Тоқаев сөзінше, жапон компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосқаны өңір үшін пайдалы болмақ.
Одан бөлек Жапонияға ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды.
«Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады.Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз», – деп атап өтті Тоқаев.
Екі жақтың ғалымдары мен зерттеушілерінің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды айтты.
Осыған дейін Алматыдан БҰҰ университетінің филиалын ашуды ұсынған еді.