
Жапония Қазақстан экономикасының басым салаларын қаржыландыруға 2,78 млрд АҚШ долларына дейін кредит бермек. Оның 1,28 млрд доллары «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің инвестициялық бағдарламаларына бағытталады.
Бұл келісімдер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында жасалды.
Негізгі құжат – «Бәйтерек» пен MUFG Bank арасында жасалған меморандум. Ол 200 млрд жапон иеніне дейін (1,28 млрд доллар) қаржы тартуды көздейді. Қаражат орнықты даму, баламалы энергетика, инфрақұрылым және жобалық қаржыландыру жобаларына бағытталады.
«Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе жүзеге асырылатын жобаларды да MUFG Bank қаржыландырады. Олардың құны 1,5 млрд долларға жетеді.
Сонымен қатар, Қазақстанның Даму Банкі мен SMBC Nikko Securities Ltd. инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және жапон институционалдық инвесторларын тарту бойынша келісім жасады.
Ал Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі мен NEXI экспорттық кредиттеу, сауда қаржыландыру және шикізаттық емес экспортты қолдау бағытында ынтымақтастық орнатты.
Жалпы Қазақстан мен Жапония 3,7 млрд доллардан асатын бірнеше келісімге қол қойған.