Жаңалықтар

Құлыбаевтың активтерін басқаратын компания бизнес орталықтың 30%-ын иеленді

Фото: Яндекс карта, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы мен Астана қалаларындағы ірі бизнес және сауда орталықтарын басқаратын Marden Property «Marden сауда орталығы» ЖШС-ның 30% үлесіне ресми түрде ие болды. Бұл ақпарат қаржы есебі депозитарийіндегі ресми хабарламада көрсетілген.

Ресми дерекке сәйкес, Marden Property «БЦ Marden» ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 30% үлесті алғаш рет иеленген. Өзгерістен кейін бұл компания Marden Property-дің он және одан да көп пайыз үлесі бар ұйымдар тізіміне кірді.

Marden – Астана қаласындағы заманауи бизнес-орталық. Ол Бейбітшілік көшесінің бойында, қаланың іскерлік және әкімшілік орталығында орналасқан. Жақын маңда Астана әкімдігі, Ұлттық банк және Конгресс-Холл сияқты маңызды нысандар бар.

Marden Property Қазақстандағы ірі басқарушы компаниялардың бірі. Ол 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жалпы басқарудағы жылжымайтын мүлік көлемі 700 мың шаршы метрге жуық.

Компания басқаратын активтер қатарында Астана қаласындағы ҚТЖ ғимараты, Emerald Tower, «Авиценна» ЖШС, Ал Алматыда SmArt.Point Almaty, Ozon қоймасы, AFD-C бизнес орталығы, Car city СО, «Спутник» СОО, MOSKVA metropolitan СОО, сондай-ақ Chery және Haval автосалондары бар.

E-gov дерегі бойынша, 2023 жылға дейін компанияның 2 кұрылтайшысы болған. Бірі – Тимур Құлыбаевқа тиесілі Mercury Properties болса, екіншісі – Какенова Бадиға.

Алайда 2023 жылы Mercury Properties құрылтайшылар қатарынан шығып кеткен. Қазір компанияның жалғыз иесі Какенова Бадиға болғанымен, Құлыбаевқа тиесілі дейтін компания сауда және бизнес орталықтарды басқарады.