
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Петербордағы сапары барысында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаевтың сөзінше, Жаңа жыл қарсаңында Петербордағы кездесу дәстүрге айналған. Екі ел басшысы ЕАЭО қызметіне қатысты бірқатар мәселені қарастырып, шешімдер қабылдап, ТМД форматы аясындағы ықпалдастықтың аса маңызды, өзекті мәселелері талқылаған.
«ТМД – беделді әрі заман талабына сай халықаралық ұйым. Биыл өзара ынтымақтастығымыз табысты болғаны сөзсіз. Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым өте нәтижелі өтті. Біз Қазақстан мен Ресей азаматтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерде бірге әрекет етуіміз қажет. Ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға бағытталған ортақ жұмысымыз қос халықтың түпкі мүддесіне сай келеді», – деді Тоқаев.
Өз кезегінде Ресей басшысы Владимир Путин ТМД елдерінің басшыларымен кездесуде ҰҚШҰ, ТМД аясындағы қызметті талқылағанын айтты. Бұған қоса, екі ел арасындағы байланысты талқылау үшін Тоқаевпен арнайы кездескеніне қуанғанын сөз етіп, ел арасында шешілмеген немесе түйткілді мәселе жоғын атап өткен.
Айта кетейік, осыған дейін президент Тоқаевтың Петерборда өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысқанын жазған едік.