Lifestyle

Джеки Чан жаңа фильмін Бозжыра мен Каспий жағалауында түсіреді

Түсірілім 2026 жылдың көктемінде басталады/фото: Татьяна Николаевна

Әлемге әйгілі актер Джеки Чан «Құдай сауыты: Ультиматум» фильмін Бозжыра мен Каспий теңізі жағалауында түсіреді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты.

Бұған дейін фильмнің Маңғыстауда түсірілетіні айтылды, алайда нақты қай жерінде түсірілетіні әзірге белгісіз.

«Келіссөз ұзаққа созылды. Әлемдік жұлдыздың тобы үш ай бұрын Маңғыстауға келді. Оның алдында да келіп кеткен екен.

Кино түсіретін кезде алдымен суретін салады екен. Сол суреттерден Бозжыра, Ақтаудағы Каспий теңізі жағасын көріп қалдым. Анимация секілді салған. Жұмыс барысында өзгере беруі де мүмкін», – дейді облыс әкімі.

Сөзінше, түсірілім тобы жұмысты қашан бастайтынын нақты айтпаған. Болжам бойынша 2026 жылдың көктемінде басталады.

«Түсірілім тобында 300-400 адам болады. Олар ұзақ уақыт Маңғыстауда қалады. Бізге осыған дайын болсаңыздар деді. Біз де ертерек айтып қоюды өтіндік. Себебі қонақүйде орын босатып қоюымыз керек», – дейді Нұрдәулет Қилыбай.

Бұған дейін Джеки Чанның жаңа фильмін қазақстандық режиссер Роберт Кун түсіретіні айтылды.